Қызметті жүзеге асыру туралы Хабарлама
№8 «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының қысқаша тарихы
№8 «Қызғалдақ» балабақшасының өзіне тән 60 жылдық тарихы мен шежірелері бар. Осы жыл ішінде нарықтық қатынастың қатаң заңдылығы ықшамдау, оңтайластыру, қысқарту кезеңдерін бастан өткізді. Дауылкөл ауылдық округі әкіміне қарасты №11 балабақша нарықтық экономикаға байланысты 1997 жылы таратылып, 2000 жылы №29 мектеп жанынан мектепалды даярлық тобы болып құрылды. 2001 жылы 21 қыркүйекте Қызылорда облысы әкімінің №71 қаулысымен №8 «Қызғалдақ» балабақшасы болып қайта ашылды.
2004 жылы екінші мектепалды даярлық тобы ашылып, балабақшаға жаңа оқу жылында 50 баланы қамтылды. 2008 жылы «Тұрмағамбет» ЖШС-нің демеушілігімен балабақшаға қосымша ғимарат салынып, кіші топ ашылып, 20 бала қамтылды. Қазіргі таңда бөбекжай-бақшада 70 бала тәрбиеленуде, ересек «Жас Ұлан» тобы, ортаңғы «Болашақ» тобы, кіші «Дарын» топтары жұмыс жасайды. Бөбекжай-бақша тәрбиеленушілері жас ерекшеліктеріне сәйкес, танымдық және шығармашылық конкурстарға, байқауларға қатысып, дипломдармен марапатталуда.
Бөбекжай-бақшада жоғары білімді -9 педагог, арнаулы орта білімді-1 педагог, оның ішінде педагог-сарапшы -1 педагог; І санатты-5 педагог; педагог -модератор -3 педагог келешек жас ұрпаққа саналы да сапалы білім беруде еңбек етуде. Олардың қатары жыл сайын білімді жас маманмен толықтырылып отырылады.
Ұстаздығы мен ұлағаты үйлескен балабақша меңгерушілері:
1962-1971 жылдары балабақша меңгерушісі-Тебенова Рабиға
1971-1982 жылдары балабақша меңгерушісі-Серкешбаева Несібелі
1982-1983 жылдары балабақша меңгерушісі-Тоғанасова Бекзада
1983-2000 жылдары балабақша меңгерушісі-Жандосова Айсұлу
2000-2019 жылдары балабақша меңгерушісі-Қаражанова Жанаркүл
2019 жылдан бастап бөбекжай-бақшаның меңгерушісі–Задаева Айгүл
ТЕКТІЛЕРДІ ТҮЛЕТКЕН БАЛАБАҚША БАСШЫЛАРЫ
Тебенова Рабиға Әбілдақызы- 1916 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында шаруа отбасында дүниеге келген. Орта мектеп бітірген соң, М.Мәметова атындағы педагогикалық училищеге оқуға түсіп, «Бастауыш білім мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген соң «Бастауыш сынып мұғалімі» қызметін атқарған. 1937 жылы Әбен Ниетбайұлымен шаңырақ көтеріп, бала-шағалы болып, өз қызметін жалғастырған. 1939 жылы жолдасы Әбен Ниетбайұлы «Халық жауы» атануына байланысты, Рабиға Әбілдақызы тамыз конференциясында жұмыстан шығарылады.
Жолдасы Әбен Ниетбайұлы 1945 жылы ақталып, «Ворошилов», «Когонович», кейін «Чапаев» колхоздарын басқарады.Рабиға Әбілдақызы соғыс жылдары аяқталған соң, ұстаздық қызметін жалғастырады.
1960 жылдан бастап Тұрмағамбет(бұрынғы Ленин совхозы) ауылындағы балабақша меңгерушісі қызметін атқарып, зейнетке шыққан. «Лениннің 100 жылдығы»; «1941-1945 жылдары тыл еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің 08.05.2004 жылы шыққан 64,65 номерлерінде Үмітхан Алтаева «Ресейге төрт вагон азық-түлік апарған» мақаласында Рабиға анамыздың еңбегі орасан зор еңбегін жариялады.
Рабиға Әбілдақызының баласы Осман кооператив басшысы болып, қазіргі таңда зейнеткер; Мараты Қазатомпром мекемесінің бөлім басшысы; Болаты сол аталған мекемеде қызмет жасайды. Кызы Ұрхия білім саласында беделді ұстаз, Казына техника ғылымының кандидаты, М.Әуезов атындағы университетінде ұстаз.
Жолдасы Әбен Ниетбайұлы дүние салғаннан кейін 1996 жылы Шымкент қаласына қоныс аударып, 2006 жылы 92 жасында дүние салды.
Рабиға Әбілдақызы үш ұл, екі қыздан 13 немере, 2 шөбере корген абзал ана, ұлағатты ұстаз.
Серкешбаева Несібелі Серімбетқызы-1933 жылы 5-ші мамырда Қармақшы ауданы, Карл Маркс учаскесінде, қазіргі Алдашбай Ахун шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі- Ізтілеуұлы Серімбет қарапайым жұмысшы, анасы Дәуітова Тәжігүл үй шаруасындағы әйел болатын. Орта мектеп бітірген соң М.Мәметова атындағы педагогикалық колледжін, Гоголь атындағы педагогикалық институтты бітірген. 1954 жылы Жүсіпбеков Әліппен отбасы құрып, 6 бала дүниеге әкелді. №29 К.Е.Ворошилов мектебінде ұзақ жылдар бастауыш сынып оқытушысы болып қызмет атқарды. Ол шебер ұстаз атанды. Аудандық, облыстық білім бөлімдерінің мақтау қағазымен бірнеше рет, Қазақстан Республикасы оқу ағарту ісінің озық қызметкері төс белшісімен марапатталды. 1971-81 жылдары «Ленин» совхозында бала-бақша меңгерушісі болып қызметін атқарды. Серкешбаева Несібелі-жақсы ұйымдастырушы, білікті басшы бола білді.
«Ұстаз- ұлы есім. Ұстаз болу- жұректің батылдығы. Ел билеу оңай, ұстаз болу қиын. Дәл сол сияқты жаңашыл, ізденімпаз мұғалімдер қатарына бізден 15 жылдай бұрын еңбек еткен Несібелі Серімбетқызының да үйретері көп болатын. Отбасы берекесі мен еңбектегі бақытын бірге алып жүрген Несібелі апайға қызыға қарайтынбыз. Ол өз білімі мен біліктілігін әрқашан шығармашылық ізденістерге бағыттап, «Ұстаз- мектептің жұрегі» деген сөзге лайық қызмет жасайтын. Несібелі апай сабағына немқұрайлы қарауға төзбейді. Несібелі апай үнемі ізденіс үстінде жүріп, аудандық, облыстық педоқуларға жиі қатысатын. Еңбек ете жүріп бізге өзіміздің анамыздай қамқоршы болып, ақылын аямайтын өмірге бір-ақ рет келетін кеңпейілді жан өзіңіз жайлы сөзімді басыңызға қойылған ескерткіш деп білемін»
Оқу- ағарту ісінің озық қызметкері-Керуенбаева Тұрсынкүл Жайлыбайқызы
«Бір күн дәм татқанға қырық күн сәлем » деген ұлағатты сөз бар. Мен осы естелігімді мені оқытқан, бірге жұмыс істеген ұлағатты бағбан ұстаздар: Жүсіпбеков Әліп ағаймен Серкешбаева Несібелі апайға арнадым. Апай бар болғаны 50 жас жасады, мейірімділігі, қонақжайлығы, бауырларына деген қамқорлығын оны білетін жандар аузын толтырып айтып, кейінге үлгі етіп отырады. Жатқан жерлерің жаннат болсын, бағбан ұстаздар
Әмзебекова Дариға -№29 Т.Ізтілеуов атындағы мектеп директоры
«Саналы ғұмырын өскелең ұрпақтың оқу тәрбиесіне арнап, бойындағы маржандай асылдарын шәкірт бойына дарытуды мақсат етіп өткен өз мамандығының майталманы алғашқы ұстазымНесібелі Серкешбаева жайлы сөз қозғағым келеді. Бағбандай мәуелі бақты мәпелей білім нәрімен сусындатып, еселі еңбегін жерге емес, елге берген еңбекқор ұстаздың бұл күнде әрбіріміздің көңілімізге алар орны ерекше екені баршамызға аян. 1971 жылы мектеп есігінен имене аттаған біздер сол шәкірттердің бірі едік. Өмір сыйлаған өз анаң мен мектепте кемедей білім сыйлаған ұстаз ананы екіге айыру мүмкін еместе сияқты. Сондықтан да алғашқы ұстазым Несібелі апайымды кемеңгер ұстаз-ана деп, әруағына да бас иемін. Ұстаз таланты болса, шәкірт талапты болары сөзсіз. Апайдың бір кездері нулы жерге еккен жас шыбықтары- бұл күндері тамырын тереңге жайған алып бәйтеректі нулы ормандар болса, енді біреулері ұстаздың тұңып тұрған талантын парасаттылығын бойларына жинаған өмірдің әр қырында, әр саласында еңбек еткен қызметкерлер. «Ұстаз шәкіртіне білім жолын үйретеді, білімді жан тас қамалды күйретеді» деген қанатты сөз осындай ұрпағына бергені мол асыл бейнеге қарата айтылса керек.
Шәкірті Нүргүл Рысбаева, Алматы қаласы.
Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруді мақсат еткен ұлағатты ұстаздың қашанда жанары жылы, жаны шуақты,жүзі мейірімге толы.Шәкіртін сүйген,бала тәрбиесіне бар ғұмырын арнаған жанның басқаша болуыда мүмкін емес. Ұлағатты ұстаз Тоғанасова Бекзада 1942 жылы 5 наурызда Алдашбай ахун ауылында дүниеге келген.
Мектеп бітірген соң,әртүрлі жұмыстар атқарып жүріп,1972 жылы Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институттың филиология факультетін бітірген. 1977 жылы қазіргі №29 Т.Ізтілеуов атындағы мектепке қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып,қызметке тұрған. 1982-1983 жылдар аралығында балабақша меңгерушісі қызметін тағайындалып, өз қызметін абыроймен атқарған. 1993 жылы №29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебінен зейнеткерлікке шыққан.
Отбасында 3 бала, 11 немерелі ана, білімді ұстаз, ұйымдастырушы басшы.
«Ұстаз-адамдықтың диқаншысы.Адам тәрбиелеудің,жеке тұлғаны қалыптастырудың бағбаны.Кіршіксіз,пәк сезімді жас ұрпақты арман жолына жетелейтін де,білімнің қия шыңына көтеретін де ұстаз. Жүректің батырлығын да,сезімнің ақылдылығын да,мінездің жайлылығын да,білімнің байлығын да топтастырып,бір арнаға тоғыстыратын,бір сөзбен айтқанда ұстаз-асыл қасиеттердің жиынтығы бойынан табылатын Бекзада апайымыз бізге үлгі»
Бектасова Шырынкүл-№8 «Қызғалдақ» балабақшасының ардагер ұстазы.
Жандосова Айсұлу 1947 жылы 8 сәуірде Ленин совхозында (қазіргі Тұрмағамбет ауылында) дүниеге келген.
1963 -1967 жылдар аралығында педагогикалық училищеге түсіп, «Бастауыш сынып мұғалімі» мамандығын алып, №29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектебінде бастауыш пәні бойынша мұғалім қызметін атқарған.
Қызылорда қаласындағы педагогикалық институтты “Бастауышты оқытудың педагогикасы мен методикасы» мамандығын бітіріп, 1983-2000 жылдары №8 «Қызғалдақ» балабақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындалған.
Дауылкөл ауылдық советтің депутаты болып сайланған Айсұлу анамыз өз қызметінен бөлек қоғамдық жұмысқа да белсене араласып, өзі ісінің майталманы, шебері болған.
Отбасында 6 бала тәрбиелеп, 20 немерелі күміс алқа иегері атанған көпбалалы ана
«Айсұлу апай –өте білікті басшы болды. Қызмет барысында қызметкерлерге ешқашан дауыс көтеріп сөйлеген емес. Өте сыпайы, биязы мінезді еді. Өзімізбен етене араласып, сырлас дос болдық. Мерекелерде құттықтап, жұмыстан бос кездерде күйбең тірліктен ойымызды бөліп, керемет ұйымдастырушы еді. Ән айтқанда дауысы ерекше, біз қалай қосылып ән айтқанымызды білмей қалатынбыз. Адамдарды өзіне баурап алатын қасиетінің арқасында өзі басқарған кезеңде абыройлы, ортаға сыйлы болған басшының әрбір тәрбиесі, айтқан кеңестері әлі күнге дейін құлағымда»
Үмбетбаева Ұлсынай-№8 «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының
І санатты тәрбиешісі.
Қаражанова Жанаркүл Байназарқызы-1959 жылы 8 мамырда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Дауылкөл ауылдық округінде дүниеге келген.
Білімі –жоғары. Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы педагогикалық училищені «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығын, Шымкент Әлеуметтік Педагогикалық университетінен «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» мамандығын алған. Жалпы педагогикалық өтілі -42 жыл.
Еңбек жолын 1980-2000 жылдар аралығында №29 Т.Ізтілеуов атындағы қазақ орта мектепте бастауыш пәні мұғалімі болып жұмыс жасаған. 2000-2019 жылдар аралығында №8 «Қызғалдақ» балабақшасында меңгеруші қызметін атқарған.
Отбасында 5 бала тәрбиелеп, 5 немере сүйіп отырған ардақты ана, білікті басшы, ұлағатты ұстаз.
Білімнің отын жағып,бал-шырын нәрін шәкірт бойына сіңірудің әдіс-тәсілдерін жетік меңгерген ұстаз болу-адам бойындағы ұлы қасиет. Осы қасиеттер бойынан табылатын Жанаркүл Байназарқызы өзі басшылық жасаған кезеңінде ұзақ мерзімді мақсаттары мен оларға жеткізуге бағытталған көзқарасы арқылы балабақшаның жұмысы жылдан-жылға жанданып, педагогтардың жұмыстарын облыстық, аудандық семинарларда көрсетуге, баспасөз беттеріне ақпараттандыруға, материалдық базаның жаңартылуына, кадрлардың уақытында біліктілігін көтеруіне себепші болды. Жанаркүл Байназарқызының ақыл-кеңестері, еңбек жолы- бізге үлгі.
Задаева Айгүл-№8 «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі.





